Бұл — бір әйелдің жастық шағындағы жоқшылықпен бетпе-бет келіп, сүйіктісінің көңілін көтеру үшін жасаған тосын әрі жанкешті әрекеті туралы әсерлі естелік. Шынайы эмоциямен жазылған бұл оқиғада автор күнделікті қиындық, отбасындағы ішкі күйзеліс пен нәзік романтиканы бір-біріне өріп, оқырманды бір күлдіріп, бір жылатады. Жоқшылық пен махаббаттың тартысында жеңіске жеткен мейірім мен адамдық ниет баяндалады.
Жанры: Тұрмыстық-психологиялық новелла (мемуарлық сипаттағы)
Авторы: Белгісіз
Қазір еңбек еткен, ерінбеген адамға ақша табу да, сүйіктісіне сыйлықтың түр-түрін сыйлай салу да түк қиын болмай қалды. Ал біздің кезімізде мида идея ұрып тұр, бірақ соны орындауға қаржы жетпей, «бірі кем дүниені» бастан кешіретін едік.
Біз үйлене сала бөлек шығып кеттік. Ата-енеміз ауылда қалды, күйеуімнің жұмысы қалада болғасын, еншімізді алып, пәтер жалдап тұруға бел будық. Мен оқуды енді бітіргенмін. Ары-бері іздеп көріп ем, қолайлы жұмыс табылмады. Оның үстіне келін боп түскеннен-ақ аяғым ауырлап, тамаққа тәбетім тартпай, мазам кетіп, жиі ауырып қалушы едім.
Сол себепті жоқшылықтың зардабын бір адамдай тарттық. Жолдасымның айлығы бір айдан екіншісіне әзер жетіп жығылады. Келесі айға жету үшін басы артық киім-кешек, майда-шүйде заттар алуға мүмкіндік жоқ. Алда-жалда үйде кір жуатын сабын, шампунь таусылып қалса, бетіңнің моншағын бес төгіп, жақын жердегі дүкеннің қожайынынан қарыз сұрайсың. Меніңше, біраз адам сол заманда осылай өмір сүрген шығар.
Үлкен қызымыз өмірге келді. Күні-түні ұйқы жоқ. Күйеудің де көңілін ауламай, екеуміздің ортақ әңгімеміз қалмай бара жатты. Ара-тұра әйелдігіме басып:
– Қашан жарып тамақ ішіп, жылтыратып көйлек киер екенбіз? Мына өмір мені шаршата бастады, – деп жылап алам.
Оны қазіргілер «босанғаннан кейінгі депрессия» деп атап жүр ғой. Қысқасы, «күйеуге тию деген осы ғана ма?» деп ішімнен өкіне бастадым.
Бір күні үйге әпкем қыдырып келе қалды. Отыра қалып, шағымымды ақтарып салдым.
— Мына өмір маған дым қызық емес. Қызыммен ешқайда шықпаймын. Мараттың айлығы шайлығына әзер жетеді. Ел қатарлы туған күн тойлау, қыдыру дегенді білмей қалдық. Күйеуім боп жарытып бірдеңе әперген емес... – деп, ойдағы-қырдағыны қозғап келе жатыр ем, әпкем:
— Стоп! – деп тоқтатып тастады.
— Романтиканы күтпе, оны өзің жаса! Кім жетісіп жүр дейсің, жаман байымызды алдап-сулап, «сен жақсы» деп күн көріп жүрміз, айналайын. Сондықтан бәрін өз қолыңа ал! Күйеуің тәп-тәуір адам. Тек әйелін еркелетсе, айтқанын істесе «қатынжанды» боп қалам ба деп қорқады. Сол үшін бірінші өзің әрекет етіп, икемдеп ал. Жақында қандай мереке бар еді, күйеуіңнің туған күні келе жатыр ма? – деді.
— Екі апта бұрын өтіп кеткен, – дедім. – Ал үйленген күніміз екі аптадан кейін.
Оқи отырыңыз:
«Қарғыстың мұншалықты күшті болатынын білмеппін»
"Қайғы үстіндегі сөз: Көңіл айтудың әдебі"
Содан әпкем қолыма 700 теңге ұстатты. Ол заманда бұл ақша аз емес еді, бір қойды 3500 теңгеге алатынбыз.
— Еркектің көңіліне асқазаны арқылы жол табасың, – деді. – Сол күні манты істеп, бауырсақ пісір. Күйеуіңді жақсылап күт, жылы сөзіңмен көңілін көтеріп қой, – деп ескертіп, кете барды.
Екі аптадан кейін әпкем берген ақшаны алып, базарға шықтым. Еттің килосы 200 теңге. Бір килосын алып, фарш тартқызып алдым. Қалған ақшасына торт, шырын, алма-салма алып, үйге қайтып келе жаттым. Екі айдан бері жағдайымды айтып, қарызын төлемей жүрген дүкеннің алдынан өтуге ұялып, келесі көшемен айналып келе жатқанмын.
Сол кезде шаштараздың есігіндегі «Шаш сатып аламыз» деген жазу көзіме оттай басылды. Бұрын ондайды оқымағанмын, ішім біртүрлі қылп ете қалды. Біраз тұрып қалдым. Шашым ұзын болатын. Бала бар, уақыт жоқ, күтім де нашар. Күйеуім күнде бас жуғанды жақсы көреді, шампунь жетпей жатады. Өзім болса аптасына бір жуып жүре беретінмін.
«Қиып, сата салсам ба?» деген ой мазамды алды. «Шаштан түскен ақшаға Маратқа сағат әперсем бе? Нәскиі де тесіліп жүр, артыла екі-үш жұп шұлық алайын... Қуанып қалсын. Аман болса басымыз, тағы өсер шашымыз...» деп, тәуекелге бел будым да, шаштаразға кіріп кеттім.
— Шашыңыз бұйра екен, қалың емес. Бағасы көп болмайды, – деп ескертіп қойды шаштараз.
Үйге келген соң өмірі тартпайтын орамалды байлап алдым да, кешкі астың қамына кірістім. Іштей: «Күйеуім бір ашуланып шығып кетпесе екен...» деп қорқып жүрмін. Бірақ шегінер жол жоқ, бояуы сіңіп қойды.
Кешкі дастарқанды жайып, тағатсыздана күйеуімді күттім. Бір кезде келді-ау...
Қолында кішкентай бір пакеті бар. «Сенің армандап жүрген затыңды сатып алдым!» – деп мәз. Ашып қарасам... шашқа тағатын резеңке мен заколка. 😳
— Бірде ұрысқанда, «шашымды буатын резинам да жоқ» деп жылап едің ғой. Енді осыны басыңа жарқыратып тағып жүрші, – деп жымыңдайды.
Сол сәтте сөзім байланып, көзіме қарай алмай қалдым. Қорыққаннан тіл күрмеліп:
— Мен шампуньға үнем болсын, әрі баламен әбіржіп кеттім деп... бүгін ғана қырқып тастап едім... – дедім.
«Саған сыйлық алу үшін» деп қазір айтсам, соғыс басталатын еді.
Осылайша бірде қызық, бірде шыжық көріп жүріп, үйлі-баранды болып кеттік қой. Қазір сол күндерді күліп еске аламыз, көрген түстей өте шықты. Айтпақшы, содан кейін шаш өсірмей кеттім — қысқа шаш ұнап қалды. Ал күйеуім сыйлаған заколканы әлі күнге дейін сақтап қойғам. Ол менің ең алғашқы сыйлығым.
Дереккөзі: oinet.kz