Израиль мен Иран арасындағы шиеленіс ушыға түсті: Трамп келісімге шақырды
Фото: Видеодан скриншот

Израиль мен Иран арасындағы шиеленіс ушыға түсті: Трамп келісімге шақырды

Израиль Иран аумағына кезекті мәрте соққы жасады. Mehrnews агенттігінің дерегінше, шабуыл Тебриз әуежайы маңында орын алып, бірнеше нысанаға бағытталған. Ал АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамп Иранды келіссөз жүргізуге шақырып, ескерту жасады, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі Stan.kz сайтына сілтеме жасай отырып.

Truth әлеуметтік желісіндегі парақшасында Трамп:

"Мен Иранға келісім жасауға мүмкіндік бердім. Бірақ олар оны іске асыра алмады. Келісім жасалмаса, салдары өте ауыр болады. АҚШ – әлемдегі ең қуатты әрі дәл әскери техника өндіруші. Оның басым бөлігі Израильде және олар оны қалай қолдану керектігін жақсы біледі", – деп жазды.

Сондай-ақ, ол Иранның радикал топтары не күтіп тұрғанын түсінбей отыр деп, шабуылдар тек бастамасы екенін ескертті:

"Көп шығын болды. Бірақ бұл тоқтайтын уақыт әлі бар. Әйтпесе, келесі соққылар бұдан да ауыр болады", – деді Трамп.

Иран тарапы шабуыл салдарын растады. Tasnim агенттігіне берген сұхбатында Иранның Қызыл жарты ай қоғамының өкілі Моджтаба Халеди елдің 12 провинциясында кемінде 95 адам жарақат алғанын мәлімдеді. Тағы 26 адамға оқиға орнында алғашқы медициналық көмек көрсетілген. Шығыс Әзірбайжанда бір құтқарушы қаза тапса, Қаср-е Ширин ауданында тағы бір төтенше жағдай қызметкері жараланған.

Бұған дейін Израиль армиясының өкілі Эффи Дефрин Иран тарапынан соңғы бірнеше сағат ішінде 100-ден астам ұшқышсыз аппарат ұшырылғанын хабарлаған болатын. Times of Israel мәліметінше, Израиль дрондарды атып түсірумен айналысуда.

Маусымның 13-іне қараған түні Израиль «Өрлеп келе жатқан арыстан» атты әскери операциясын бастаған. Бұл ауқымды операция кезінде Иранның әскери және ядролық нысандарына соққылар жасалған. Израиль билігінің айтуынша, бұл әрекет Тегераннан төнетін қауіптің алдын алуға бағытталған.

Операция үш негізгі кезеңге бөлінген. Бірінші кезеңде Израиль арнайы бөлімшелері Иранның әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері маңына жоғары дәлдіктегі қару жүйелерін жасырын орнатқан. Шабуыл басталғанда бұл жүйелер белсендіріліп, нысандарға дәл соққы жасалған.

Екінші кезеңде Израиль мобильді соққы платформаларын қолданып, Иранның әуе шабуылына қарсы жүйелерін басып-жаншу міндетін атқарған. Бұл әрекет израильдік авиация үшін әуе кеңістігін ашуға бағытталған.

Ал үшінші кезеңде бірнеше ай бұрын Иран аумағына жасырын орналастырылған жарылғыш дрондар іске қосылған. Олар Иранның баллистикалық зымырандарын нысанаға алған.

Еске сала кетейік, бұған дейінгі шабуылдардың бірінде Иранның генерал-майоры қаза тапқан болатын.