Қазақстанда салынып жатқан Атом электр станциясының (АЭС) құрылысы он жылдан астам уақытқа созылады. Бұл туралы Anyqtime.kz тілшісі Stan.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Атом энергиясы жөніндегі агенттіктің мәліметінше, АЭС-ті жобалау мен пайдалануға беру үдерісі әлемдік тәжірибеге сай шамамен 10–12 жылға созылады. Осыған байланысты құрылыс 2035–2036 жылдары аяқталады деп күтіліп отыр.
Агенттік қазіргі таңда жобаның нақты құны туралы айтуға ерте екенін мәлімдеді. Себебі бұл соманы есептеу кезінде бірқатар факторлар ескерілуі тиіс. Атап айтқанда:
– Құрылыс алаңындағы метеорологиялық және сейсмологиялық жағдайлар;
– Жабдықтардың бір бөлігі халықаралық өндірушілерден алынуы мүмкін;
– Құрылысқа жергілікті өнімдер мен материалдарды пайдалану үлесі;
– Білікті мамандар мен құрылыс ұйымдарының қолжетімділігі;
– Логистика, қаржы және қосымша шығындар.
Айта кетейік, Қазақстандағы алғашқы АЭС құрылысын ресейлік “Росатом” корпорациясы жүзеге асырады. Сонымен қатар, елімізде екінші АЭС-ті салуға қытайлық компания тартылатыны да ресми мәлім болды.