Карикатура — күлкі артындағы шындық
Қарапайым бір сурет - мың сөзге татиды. Ал сол сурет сатирамен сөйлеуді білсе ше? Бұл - карикатураның күші. Бүгінде әлем өзгерді, алайда қоғамның шындығын астарлы түрде жеткізетін бұл өнер формасы әлі де өзекті, деп мәлімдейді Anyqtime kz тілшісі өз зерттеуінде
Карикатура деген не?
Карикатура - бір құбылысты немесе адамды әдейі әсірелеп, сынмен немесе юмормен беретін сурет. Онда бейнелер бұрмалануы мүмкін, бірақ мағынасы -дәл жүрекке тиетіндей. Ол адамның ойлауына әсер етіп, билікке сұрақ қоюға итермелейді. Сондықтан карикатура — жай сурет емес, пікір.
Қайдан шықты бұл өнер?
Карикатураның тарихы тереңде жатыр.
Ежелгі Грекия мен Римде театрлық маскалар мен сатиралық бейнелер кең тараған.
Қайта өрлеу дәуірінде Леонардо да Винчи кейіпкерлердің бет әлпетін бұрмалап салуды бастап, қазіргі карикатураға жол ашты.
Ал XVIII–XIX ғасырларда карикатура газеттер мен журналдардың басты беттеріне шықты. Бұл кезде саясаткерлер мен патшалар халық алдында күлкіге айнала бастады.
Әлемді сілкіндірген карикатуралар
«I Want You for U.S. Army»
Джеймс Монтгомери Флэгг жасаған АҚШ-тың әскери насихаттық карикатурасы. Uncle Sam саусағын кезеп: "Сені армияға шақырамын!" деген. Бұл сурет ғасырлар бойы естен шықпайтын ұлттық символға айналды.
Charlie Hebdo
Францияның сатиралық журналы. Олар дінді, саясатты, қоғамды ашық сынады. 2015 жылы карикатура үшін редакцияға шабуыл жасалып, 12 адам қаза тапты. Бұл оқиға еркін пікір мен өнер арасындағы шекараны қайта ой елегінен өткізуге мәжбүр етті.
Ал Қазақстанда ше?
Бұл өнер қазақтарға да таңсық емес. Кеңестік кезеңде сатираның дамуына Ара журналы жол ашты. 1956 жылдың наурыз айынан бастап екі тілде жарық көре бастаған бұл журналдың тағдыры бір арнада өрбіді. Басылымның бас редакторы ретінде Ғабит Мүсірепов қызмет атқарса, оның орынбасары болып Дінмұхамед Снегин тағайындалған еді. Журнал өз дәуірінің ащы шындығын бейнелеуге, сол кезеңдегі қоғамның көлеңкелі тұстарын ашып көрсетуге талпынды. Оның беттерінде жарияланған сатиралық иллюстрациялар, карикатуралар мен шарждар оқырманның қызығушылығын тудырып, кеңінен қолдау тапты. Қазақ сатира жанрында өзіндік айрықша із қалдырған бұл басылым 1998 жылы өз жұмысын ресми түрде тоқтатты.
«Сатира – өмірдің айнасы» деген ұранды ту еткен бұл журналда түрлі жанрдағы туындылар мен бейнелі көркем образдар кеңінен қамтылды. Әсіресе, фельетон жанры сатиралық бағыттың кемелденіп, қалыптасуына ерекше үлес қосты. Белгілі зерттеуші Темірбек Қожакеев бұл жанр туралы былай деп пікір білдіреді: «Әдебиет пен журналистикада тек жақсылықты іздейтін, жамандық атаулыға қарсы тұратын, өткір әрі ықпалды жанр бар. Ол – фельетон. Фельетон көрген кемшілікті, орынсыз әрекет пен жат қылықты сынауға келгенде еш тартынбайды – ащы тілмен түйреп, жұрт назарына әшкере етеді, масқаралап, қоғамға ой салады», – дейді ол.
Бүгінгі күнде карикатура газет бетінде емес, Instagram мен TikTok лентасында өмір сүреді. Қазіргі адамның "карикатурасы" — мем. Ол бір қарағанда күлкілі, бірақ астарында қоғамдағы үлкен проблемаларды меңзейтінін түсінесіз. Ғаламтор — жаңа дәуірдің сатира алаңы.
Бүгінде карикатура — тек сурет емес, ой салатын өнер. Ол — пікір білдірудің заманауи формасы. Қазақстанда да бұл жанр дамып келеді. Қоғам неғұрлым еркін болса, карикатура соғұрлым шынайы әрі өткір болады. Өйткені әзілдің ар жағында — ақиқат тұрады.