Көкшетау әкімінің кеңесшісі Айым Тұрапекова отставкаға кетті
Фото: kazface.kz

Көкшетау әкімінің кеңесшісі Айым Тұрапекова отставкаға кетті

Көкшетау қаласы әкімінің коммуникациялар жөніндегі кеңесшісі қызметін атқарған Айым Тұрапекова қоғамда туындаған резонанстан кейін өз еркімен қызметінен кетті, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі KazFace.kz мәліметіне сүйеніп.

26 жастағы Айым Тұрапекова маусым айының басында кеңесші болып тағайындалған еді. Алайда оның өмірбаяны қоғамда түрлі сұрақ туғызды. PRO КАДРЫ KZ Telegram-арнасы жариялаған деректерде Тұрапекова 1999 жылы Павлодар облысында дүниеге келгені және 2019 жылы Халықаралық бизнес университетін «экономика және құқық» мамандығы бойынша тәмамдағаны көрсетілген.

Көпшілікті таңдандырғаны — оның еңбек жолын 2015 жылы, небәрі 16 жасында, Қазақстан Республикасының Премьер-министрі кеңсесінде тағылымгер ретінде бастағаны жазылған болатын. Кейін бұл дерек бірнеше рет түзетіліп, соңында өмірбаяннан мүлде алынып тасталды.

Ресми органдар не дейді?

Ақмола облысы әкімдігінің мәліметінше, кеңесші қызметіне дейін Айым Тұрапекова 2021 жылдан бастап Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне қарасты Жастар және отбасы істері комитетінде сарапшы болып жұмыс істеген.

Ал Тұрапекованың өзі университет бітіргеннен кейін Премьер-министр кеңсесінде тағылымдамадан өткенін мәлімдеген. Алайда BES.media бұл ақпаратты нақтылау үшін Үкіметтің баспасөз қызметіне жүгінген. Ресми жауапқа сәйкес, Айым Тұрапекова 2015 жылы да, 2019 жылы да Премьер-министр кеңсесінде тағылымдамадан өтпеген әрі жұмыс істемеген.

Қоғам тарапынан туындаған сұрақтар мен күмәнді деректерден кейін кеңесші қызметінен өз еркімен кету туралы шешім қабылдаған Айым Тұрапековаға қатысты дау осылайша аяқталды.


Айта кетейік, осыған дейін Айым Тұрапекова 16 жасында еңбек жолын бастады деген ақпарат тараған еді