«Арамызда қалсын бәрі» әні тыңдарманның ерекше ықыласына бөленіп жатыр. Әнді орындаған Мөлдір Мұқанова мен Амантай Әбеннің лирикалық дуэті көпшілікті елең еткізді, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі.
Жұптың орындауындағы бұл ән сезім мен сағынышты нәзік жеткізе білген қарапайым сөздермен ерекшеленеді. Тыңдарман ән мәтінінен өзінің өткен махаббатын, іштей жаншылған өкінішін немесе ұмыт бола алмай жүрген адамын көретіндей әсер алады. Сол себепті де бұл туынды шынайылығымен баурап алғандай.
Көпшілік пікірінше, ән мәтініндегі "арамызда қалсын бәрі" деген жол – екі адамның арасында айтылмай қалған сырдың, іште қалған сезімнің символына айналған. Бұл сөздер жастар арасында да, орта буын тыңдармандар арасында да кең қолдау тауып отыр.
Инстаграм желісінде жарияланған бейнебаянның астына жазылған пікірлер де әннің жүректен шыққанын дәлелдейді. "Ұмыта алмадым", "осы әнмен бірге жыладым", "шынайы сезім деген осы шығар" деген секілді жазбалар көп.
Айта кетейік, Мөлдір Мұқанова мен Амантай Әбен бұған дейін де бірнеше ортақ туындыны орындаған. Алайда дәл осы ән олардың кең аудиторияға жол тартқан алғашқы жұмысы деуге болады. Қазіргі таңда ән TikTok-та да кеңінен таралып, трендке айналуда.
📺 Тыңдаңыз: Мөлдір Мұқанова, Амантай Әбен — Арамызда қалсын бәрі