Кашмирде қақтығыс өршіп тұр: Үндістан мен Пәкістан артиллерия қолдануда
Кашмир аймағында Үндістан мен Пәкістан әскері арасында шиеленіс қайта күшейіп, екі тарап бір-біріне ауыр артиллериямен шабуыл жасауда. Бұл туралы Euronews.com сайтына сілтеме жасап Anyqtime.kz мәлімдейді.
Даулы Кашмир аумағында шекара нақты бекітілмегендіктен, тараптар арасындағы қақтығыс жиі орын алады. Жергілікті тұрғындар мен ресми өкілдердің хабарлауынша, соңғы шайқастар кезінде бес бейбіт тұрғын көз жұмып, ондаған адам жараланған.
Пәкістанның Кашмир аймағындағы Чакоти ауылының тұрғыны Мұхаммед Шакил бұл шабуылды соңғы жылдардағы ең ауыр атыс деп сипаттады:
«Біз бақылау сызығындағы оқ атуларға әдеттенгенбіз, бірақ бұл жолы бәрі өзгеше болды», – деді ол.
Пәкістандық тараптың мәліметінше, Үндістан әскерлерінің артиллериялық атқылауы салдарынан төрт бейбіт тұрғын мерт болып, 12 адам жарақат алған. Үндістан тарабы да өз кезегінде Пәкістан армиясы бірнеше шепке оқ жаудырғанын айтып, қарулы жауап қайтарғандарын хабарлады.
Ури аймағында да қақтығыс салдарынан бір әйел қайтыс болып, тағы екі тұрғын жараланған.
Қазір екі елдің шекаралық аумағында жағдай әлі де ушығып тұр. Қауіпсіздік күштері мен тұрғындар арасында алаңдаушылық күшейіп келеді.
Еске сала кетейік, Үндістанның соққысынан Пәкістанда 26 адам көз жұмып, тағы 46 адамның жараланғанын хабарлаған едік.