"Бір ауыз сөзбен бүкіл өңірдің абыройына нұқсан келтірді": Наркенже Серікбаева дауға қалды
Әнші Наркенже Серікбаеваның ел алдына жариялаған мәлімдемесі оңтүстік өңірдің мәдениетіне көлеңке түсірді. Бұл туралы Түркістан өңірінің журналисі Мақсұт Айтжанов өз пікірін білдіріп, бұл жағдайдың тек әншінің ғана емес, басшылықтағы тұлғаның да жауапкершілігіне әсер етуі тиіс екенін айтты, деп хабарлайды Anyqtime.kz.
– «Аяғы лас төрді, аузы жаман елді былғайды» деген сөз бар. Енді кінә кімде – Наркенженің аузында ма, әлде төрде отырғандардың өзінде ме? Әйтеуір, бұл оқиға елдің мәдениетіне теріс көзқарас тудырып, оңтүстіктің атақ-абыройын әлсіретіп отыр. Бір ауыз сөзбен тұтас өңірге қара күйе жағуға болмайды, – деді журналист.
Журналист тараптар арасындағы сотқа дейін жеткен мәселеде әділетті шешім қабылдануы тиіс екенін алға тартты. Оның пікірінше, егер әнші айтқандарын дәлелдей алмаса, көпшілік алдында кешірім сұрауы қажет. Ал филармония басшысы расында кінәлі болса, қызметтен кетуі керек.
Айта кетейік, Наркенже Серікбаева бұған дейін өзін қорлаған басшылық өкіл туралы видео мәлімдеме жасап, үлкен резонанс тудырған еді. Артынша басшы сотқа арыз түсіріп, бейнеүндеуде бәрінің заң аясында қаралатынын мәлімдеген.
– Бірі шындық айттым дейді, екіншісі жоққа шығарады. Ақыры екеуі де «келістік» деп видео салып, істі жылы жауып қойғандай. Сонда бізде заң мен жауапкершілік деген жай ғана сөз болып қалған ба? – деп түйіндеді журналист.
Айта кетейік, филармония басшысы Наркенжеден кешірім сұрап, жағдай реттелгеннен кейін, филармония әншісі соңғы күндері желіде өзіне бағытталған сын-пікірлер мен қолдауларға үн қатып, жүрекжарды жазба жариялады: «Жұрттың сөзі» жанымды жаралады — Наркенже Серікбаева жанайқайын жеткізді.