Қазақстанда медицина кадрлары тапшылығы азайды: жаңа шаралар іске қосылды
Сурет: ОКҚ / Тимур Сұлтанғазиев

Қазақстанда медицина кадрлары тапшылығы азайды: жаңа шаралар іске қосылды

Қазақстанда денсаулық сақтау саласын кадрлармен қамтамасыз ету бойынша нақты нәтижелер байқалуда, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі ОКҚ-да өткен брифингке сілтеме жасап.

Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиевтің айтуынша, 2025 жылдың 1 қаңтарындағы мәліметке сәйкес елімізде 275 мыңға жуық медицина қызметкері жұмыс істейді. Олардың ішінде 83 мыңнан астамы – дәрігер, 191 мыңы – орта буын медицина қызметкерлері. Соңғы үш жылда дәрігерлер саны 2%-ға, медбикелер саны 0,5%-ға өскен. Бұл көрсеткіштер ЭЫДҰ елдерінің орташа деңгейінен жоғары.

Министрлік дерегінше, 2024 жылы 3 986 дәрігер жетіспеген. Алайда бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда 20%-ға төмендеген. Ал медбикелер тапшылығы – 420 бірлік. Ауылдық жерлерге мамандар тарту үшін бірқатар әлеуметтік қолдау шаралары қолға алынған. Соның ішінде тұрғын үймен қамтамасыз ету, біржолғы жәрдемақы төлеу және кәсіби ынталандыру бар.

«Аса тапшы мамандықтар бойынша ауылға барған дәрігерлерге 100 ЕТЖ (шамамен 8,5 млн теңге) көлемінде бір реттік жәрдемақы қарастырылған. Сонымен қатар, 2024 жылдың қазанынан бастап медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін міндетті сақтандыру жүйесі енгізілді. Қазірдің өзінде 190 мыңға жуық дәрігер сақтандырылған», – деді Сұлтанғазиев.

Биыл алғаш рет "Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері" атағы табысталды. 8 медицина маманы бұл марапатқа ие болып, 1000 АЕК көлемінде ақшалай сыйақы алды. Ал «Мамандық үздігі» атанған 17 маманға 500 АЕК төленді.

Медицина қызметкерлерінің балаларына балабақшаларда басымдық беріледі. 2025 жыл «Біліктілікті арттыру жылы» деп жарияланды. Жоспарға сай, 2027 жылға дейін 2 мыңнан астам жалпы практика дәрігері мен 3 мыңнан астам медбике қайта даярланады. Сонымен қатар, 900 колледж және 800 ЖОО оқытушысының біліктілігін жетілдіру көзделген.