ҰБТ-дан 140 балл алған Жанайым Рашидке электрокөлік сыйға тартылды

26 маусым, 2025 / Теңіз Тамшыбаев
Жанайым Рашидке көлік сыйлаған сәт. Сурет дереккөзі: zerdeli.kz, Рысбек Мәуіт

Ұлттық бірыңғай тестілеуде ең жоғары – 140 балл жинаған түлек Жанайым Рашид заманауи электрокөлікке ие болды, деп хабарлайды Anyqtime.kz Qaz365.kz сайтына сілтеме жасап.

Бір жылдан аса уақыт білім алған жеке дайындық орталығының басшысы, педагог Рысбек Мәуіт оқушының жетістігін бағалап, сый ретінде Zeekr маркалы жаңа көлік тарту етті.

Рысбек Мәуіттің айтуынша, бұл сыйлық Жанайымның табандылығы мен білімге деген ынтасының өтеуі ғана емес, елдегі өзге де оқушыларға үлгі болатын жетістік.

– Жанайым бар күшін салып, нақты мақсатпен дайындалды. Біз тек оның еңбегіне лайық марапат жасадық. Бұл оқиға өзгелерге де мотивация боларына сенемін, – деді ол.

Айта кетейік, бұл – биылғы ең жоғары балл алған түлектер арасындағы алғашқы марапат емес. Бұған дейін алматылық Айша Сатыбалды өз мектебінен пәтерге ие болса, Түркістан облысының тұрғыны Жәнібек Әбілханға дайындық орталығы баспана сертификатын табыс еткен болатын.

Тэгтер:

ҰБТ 140 балл Жанайым Рашид электрокөлік сый