Қазақстанда биыл жаңартылатын энергия көздері бойынша 9 жоба іске қосылады
Елімізде экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК) қарқынды дамып келеді, деп хабарлайды Anyqtime.kz.
Қазіргі таңда қуаттылығы 3 ГВт-тан асатын 156 ЖЭК нысаны жұмыс істеп тұр. Энергетика министрлігінің мәліметінше, 2025 жылға қарай ЖЭК үлесін 6%-ға, ал 2030 жылға қарай 15%-ға жеткізу жоспарланып отыр.
2024 жылдың 5 айында жаңартылатын энергия көздерінен 7,5 млрд кВт сағат энергия өндіріліп, ол елдегі жалпы электр энергиясының 6,4%-ын құрады. Бұл туралы Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлім етті.
Оның айтуынша, өткен жылы ЖЭК саласында 8 жаңа жоба іске қосылса, биыл қуаттылығы 455 МВт болатын тағы 9 жоба пайдалануға берілмек.
– Бұл бағыттағы жұмыс 2009 жылы қабылданған алғашқы заңнан бастау алды. 2014 жылдан бастап орталықтандырылған сатып алу жүйесі енгізіліп, ЖЭК жобалары іске асырыла бастады. Ал 2018 жылы салада аукциондық жүйеге көшу арқылы маңызды реформалар жүргізілді. Соңғы 7 жыл ішінде 260-тан астам компания аукциондарға қатысып, олардың қатарында әлемнің 14 дамыған елінен келген инвесторлар бар. Әсіресе Қытай компаниялары белсенділік танытып отыр, – деді Сұңғат Есімханов.