Аналар күні – мейірім мен құрметтің мәңгілік мерекесі

11 мамыр, 2025 / Теңіз Тамшыбаев

Бүгін – жүрекке ең жақын, жүрекке ең ыстық мерекелердің бірі – Аналар күні. Мамыр айының екінші жексенбісінде атап өтілетін бұл күн – мейірім мен махаббаттың, адалдық пен жанқиярлықтың символына айналған аналарға арналатын ерекше күн.

Ана – өмірдің бастауы. Ол – дүниеге сәби әкеліп қана қоймай, ұрпағына адамдықтың, имандылықтың, еңбекқорлық пен жауапкершіліктің үлгісін көрсететін тәрбиеші. Қиындығы мен қуанышы қатар жүретін бұл өмірде әр адамның қасынан табылатын, шексіз махаббатын еш шартсыз сыйлайтын жан – Ана ғана.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та бүгінгі мерекеге орай анасын еске алып, жүрекжарды жазбасын жариялады. Мемлекет басшысы бала күніндегі естеліктерін бөлісе отырып, анасының қарапайымдылығын, сабырын, өмірлік ұстанымдарын ерекше ықыласпен еске алды. «Өмірлік дүниетанымыма анамның ықпалы орасан болды», – деп жазды ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.

Аналар күні – бұл тек жылы сөздер айтылатын, гүл сыйлайтын сәт қана емес. Бұл – анаға деген құрметті нақты іспен дәлелдейтін, өмірдің әр сәтінде оның жанында болудың қаншалықты маңызды екенін еске алатын күн.

Anyqtime.kz ұжымы барша аналарды шын жүректен құттықтайды!
Сіздерге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, балаларыңыздың қуанышын көруге жазсын дейміз. Еңбектеріңіз еленіп, әр күніңіз махаббат пен алғыстан өрілсін.

Тэгтер:

Аналар күні 11 мамыр мереке