Бес шекара, бір бағыт: Қазақстан хабтары қайда бет алды?
Фото: www.freepik.com

Бес шекара, бір бағыт: Қазақстан хабтары қайда бет алды?

Қазақстандағы бес трансшекаралық хабтың даму барысы мен алдағы жоспарлары Үкіметтегі жұмыс тобының отырысында пысықталды. Жиынға вице-премьер – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин төрағалық етті, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі Primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

Қазақстан Қытай, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және Каспий теңізі арқылы шектесетін бес бағытта логистикалық және өндірістік хабтар құруда. Олар — «Алатау» (Жамбыл), «Орталық Азия» (Түркістан), «Еуразия» (БҚО), «Каспий торабы» (Маңғыстау) және «Қорғас торабы» (Жетісу). Жобалар Сауда және интеграция министрлігінің үйлестіруімен жүзеге асып жатыр.

Түркістандағы тіршілік

«Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіп кооперациясы орталығында сегіз өндірістік нысанның құрылысы басталды. 50 гектар жерге электр, газ, жол желісі тартылып, түрлі саладағы зауыттар орналаспақ. Оның ішінде мақта өңдеу, органикалық қалдықтарды кәдеге жарату, суару құралдарын шығару секілді жобалар бар. Тоқыма кластері мен логистикаға арналған орындар да қарастырылған. Толық іске қосылуы — 2026 жылдың соңына жоспарланған.

«Алатау» ИСЛК: инвесторлар ізетпен

Жамбыл облысындағы «Алатау» индустриялық-сауда-логистикалық кешенін «ROMSEY HOLDINGS KZ» ЖШС басқарады. Жалпы инвестиция көлемі — 200 миллион доллар. Бидай мен майлы дақыл, пластик пен көкөніс өңдеу жобалары қатар жүзеге асады. Автозауыт, балалар тағамы, көрме орталығы және қонақүй салу жоспары бар. Іске қосу мерзімі — 2026 жылдың II тоқсаны.

Каспий — контейнер астанасына айнала ма?

Маңғыстау облысындағы басты жоба — Ақтау портындағы контейнерлік хаб. 9 маусымда алғашқы кешені іске қосылса, екіншісі биыл аяқталады. Жоба толық 2026 жылы аяқталып, порт қуаты 70 мыңнан 240 мың ЖФЭ-ге дейін артады. Құрық портында «Саржа» атты жаңа теңіз терминалы салынып жатыр. Оның қуаттылығы — 10 млн тонна.

Батыс пен Шығыста тежелу бар

«Еуразия» трансшекаралық сауда орталығында құрылыс жүріп жатса да, толыққанды даму үшін бірыңғай тұжырымдама мен инфрақұрылым жетіспейді. Бұл мәселені шешу үшін Kazakh Invest хабтың жағдайын толық зерттемек.

«Қорғас» хабы да осындай жағдайда. Қытаймен шекарадағы бұл аумақта 258 млрд теңгенің 45 жобасы тіркелген, оның 25-і іске асыру кезеңінде. Дегенмен дамуға нақты жол картасы қажет.

Ұйғыр ауданында цифрлық логистикалық хаб пен агроөнеркәсіп аймағы құрылатыны да айтылды. Ал Серік Жұманғарин «Қорғас» пен «Еуразия» хабтарына арналған даму тұжырымдамаларын 1 тамызға дейін әзірлеуді тапсырды.

Бұл құжаттар елдің халықаралық сауда мен транзиттегі рөлін нақты айқындап, қажетті қаржыландыру көлемін көрсетеді.