Алматы облысының Жалпақсай ауылында 10 жасар баланы үш ит талаған оқиғаға қатысты жаңа деректер пайда болды. Қанды оқиғаға куә болған тұрғындар оңалту орталығы иелерінің әрекетіне наразы, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі Almaty.tv сайтына сілтеме жасап.
Куәгерлердің айтуынша, футбол алаңында ойнап жүрген балаларға жекеменшік оңалту орталығының ауласынан үш ит жүгіріп кіріп, бірін өлімші етіп талаған. Михаил есімді 10 жастағы баланы құтқарып қалған ауыл тұрғыны Серік Сақабеков иттерге бәкімен қарсы шабуға мәжбүр болғанын айтады.
"Қанға бөгіп, көмек сұрап жатыр екен. Амалсыз пышақ қолдандым. Иттерді тоқтатпасам, бала тірі қалмас еді", – дейді ол.
Алайда оңалту орталығының иесі керісінше, иттерді жарақаттағаны үшін Сақабековтен өтемақы талап еткен.
"Таңертең хабарласып, 'Екі иттің ақшасын төле' деді. Сонда мен не істеуім керек еді? Иттерің қымбат екен деп қарап тұрайын ба?", – деп ашынды тұрғын.
Михаилдың анасы Екатерина Бурмистрова болса, баласын иттер азаптап жатқанда үсті-басы қанға боялған күйде тапқан. Бала ауыр жарақатпен ауруханаға жеткізіліп, бірнеше ота жасалды. Ал мекеме өкілдері болса, керісінше жеткіншектің өзін кінәлап отыр:
"Біздің аумаққа өздері кірді", – деп мәлімдеді.
Алайда куәгерлер мен баланың анасы бұл уәжді жоққа шығарады. Өйткені Михаил футбол алаңында жүрген, ал иттер орталық ауласынан қоршауды бұзып шыққан. Оның үстіне орталықтың қоршауы шұрық-тесік, «Абайлаңыз, иттер» деген жазба тұрса да, қауіпсіздік сақталмаған.
Тұрғындардың айтуынша, бұл мекеме бұрынғы мәдениет үйінің орнында заңсыз жұмыс істеп отыр. Ішінде түрлі дыбыстар естіліп, ауласы итке толы екені де айтылды. Ауыл халқы бұл нысанды өзара "секта" деп атап кеткен.
Оқиғадан кейін Ұмтыл ауылдық округінің әкімдігі тексеріс жүргізілетінін хабарлады. Орталықтың ит ұстауға қатысты құжаттары мен жұмыс тәртібі ветеринарлық қызмет пен санитарлық бақылау тарапынан назарға алынады.
Алматы облысы Полиция департаменті бұл оқиға бойынша қылмыстық іс қозғаған. Қазір Михаил Қаскелең ауруханасында ем алып жатыр. Ал тұрғындар ауылдағы бұралқы иттер мәселесін шұғыл шешуді талап етуде.