Алматыда 22 жастағы Ақнәр Гүлістанның «Amir» тұрғын үй кешеніндегі қайғылы өліміне байланысты жаңа деректер жарияланды. Бұған дейін қыздың жақындары оқиғаға қатысы бар болуы мүмкін екі қыздың әлі күнге дейін куәгер ретінде ғана жауапқа тартылып жүргеніне алаңдаушылық білдірген еді. Арада тоғыз ай өтсе де, олар қамауға алынған жоқ, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі Madenipоrtal.kz сайтына сілтеме жасап.
Жаңадан жарияланған мәліметтерді Instagram желісіндегі Abdulla_kz_kz парақшасы таратты. Сол бойынша, осы іске күдікті ретінде қаралған ҚХР азаматы, КИМЭП түлегі Дидар Мұқияттың адвокаты Жандос Палманов арнайы баспасөз мәслихатын өткізіп, өз тараптарынан айтылар уәжді жария етті.
Баспасөз жиынына Дидар Мұқияттың өзі де, туыстары да қатысқан жоқ. Барлық сұрақтарға тек қорғаушы жауап берді. Адвокаттың айтуынша, марқұм Ақнәр Гүлістан сол түні қыздарды өзі шақырып, бірге сыра ішуге ұсыныс жасаған. Ал әлеуметтік желіде тараған бейнежазбалар толық емес, әрі оқиғаның шынайы көрінісін бұрмалап көрсетуі мүмкін.
Қорғаушы Палмановтың сөзіне сүйенсек, видео жазбалардың бірінде Ақнәрдің терезеден секірмек болып ұмтылған сәті және оны Дидар Мұқияттың ағасының сабырға шақырып жатқаны көрсетілген. Бұл сәттерде олар қытай тілінде сөйлескен. Адвокаттың айтуынша, дәл осы видеожазбалар Дидар Мұқияттың әрекеттеріне объективті баға беруге көмектесуі керек.
Сол түні Ақнәр теледидарды сындырып, өзін агрессивті ұстаған. Адвокат көрсеткен кадрларда оның жерде жатып, қатты дауыспен Құран сүрелерін оқып жатқаны көрінеді. Осы сәтте пәтерде болған қыздар оны тыныштандыруға тырысқан.
Қорғаушының айтуынша, кейін екі қыз басқа бөлмелерге жасырынған. Олар қайта шыққанда Ақнәрді үйден таппай, терезеден қарап, оның секіріп кеткенін байқайды.
Еске сала кетейік, Ақнәрдің анасы қызым өзіне қол жұмсаған жоқ, бұл әдейі жасалған қылмыс деп істің әділ тергелуін талап еткен еді. Одан бөлек марқұм қыздың туыстарының айтуынша, бойжеткен өмірден қоштаспас бұрын аяусыз азаптауға ұшырап, кейіннен терезеден итерілген деген ақпарат бергенін хабарлаған едік.