“Мас күйде болған, жігітімен жанжалдасқан”: Ақнәр ісінде жаңа деректер айтылды
Коллаж: Anyqtime.kz

“Мас күйде болған, жігітімен жанжалдасқан”: Ақнәр ісінде жаңа деректер айтылды

Алматыда 2024 жылдың мамыр айында көпқабатты үйдің 7-қабатынан құлап қаза тапқан Ақнәр Гүлстанның өліміне қатысты тың мәліметтер айтылды. 23 мамыр күні марқұмның жақындары өткізген баспасөз жиынында, сол түні үйде болған қыздардың бірінің адвокаты Жандос Палманов оқиғаға байланысты өз нұсқасын жария етті, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі.

Айта кету керек, Ақнәрдің туыстары куәгер мәртебесінде танылған бойжеткеннің өлімге қатысы бар деп есептейді.

Адвокат Жандос Палманов сол күнгі кештің бейнежазбасын көрсетті. Онда қыздардың дастарқан басында отырып, ән салып, би билеп, көтеріңкі көңіл-күйде отырған сәттері бейнеленген. Алайда бір мезетте жағдай күрт өзгеріп, кадрдан жерде жылап жатқан, шашы жұлынған Ақнәр көрінеді.

«Ол қатты эмоциялық тұрақсыздық көрсете бастайды. Жылайды, шашын жұлып, басын қабырғаға соғады. Менің қорғауымдағы қыз бен үшінші қыз оны сабырға шақыра бастайды. Қорғалушымның айтуынша, марқұмның жігітімен арасында жанжал болған, ол басқа қызға кетіп қалған екен. Ақнәр сол қызбен сөйлесуге барғысы келген. Қыздар оны тоқтатуға тырысқан: "Бұл дұрыс емес, қазір түн, сен массың" деп сабырға шақырған», – деді адвокат.


🔗 «Аллам, мені сақташы»: Ақнәрдің өлер алдындағы сөзі бейнежазбада жазылып қалған

🔗 9 айдан кейінгі үн: күдікті тарап Ақнәр ісіне қатысты тың деректер беріп ақталды


Оның айтуынша, сабырға келтіру әрекеттері нәтиже бермеген соң, Ақнәр жуынатын бөлмеге кеткен, ал қорғауындағы қыз оның жанында қалған. Біраздан соң екі қыздың арасында кикілжің туындап, артынша жанжалға ұласқан.

«Марқұм терезеден құлаған сәтте менің қорғауымдағы қыз жуынатын бөлмеде болған», – деді адвокат Жандос Палманов.

Журналистер марқұмның денесіндегі құлаудан бөлек жарақаттар мен оның азапталғаны жайлы сұрақ қойғанда, Палманов сот-медициналық сараптама нәтижесін алға тартты.

«Бастапқы сараптама қорытындысына сәйкес, оның денесінде 7-қабаттан құлау салдарынан болған көптеген жарақаттар анықталған. Ал азаптау және қинау белгілерін сарапшылар жоққа шығарады», – деді ол.

Сонымен қатар, тергеу барысында Ақнәрдің қаза болардан бұрын өзінің банк картасынан адвокат қорғауындағы қыздың шотына 1 миллион теңге аударғаны анықталған. Бұл жайтқа қатысты нақты жауап әлі берілген жоқ.


🔗 Еске сала кетсек, бұған дейін Ақнәр Гүлстанның анасы қызының өліміне қатысты әділдік сұрап, істің мұқият тергелуін талап еткен болатын.

🔗 «Суицид емес – қылмыс»: Түсіпбаева Ақнәрдің өліміне қатысты жан түршігерлік дерек айтты.