Синоптиктер ескертеді: Қазақстанда ауа райы күрт өзгереді

16 маусым, 2025 / Ақбер Қуаныш
Фото: istockphoto.com

Синоптиктер елімізде тұрақсыз ауа райы сақталатынын ескертуде. "Қазгидромет" РМК мәліметіне сәйкес, республиканың басым аумағында найзағайлы нөсер жаңбыр, бұршақ, дауылды жел және аптап ыстық күтіледі, деп хабарлайды Anyqtime.kz.

Метеорологтардың айтуынша, еліміздің көп бөлігінде атмосфералық фронтальды жүйелердің өтуіне байланысты күн райы құбылып тұр. Солтүстік өңірлерде қатты жаңбыр жауып, бұршақ түсуі ықтимал. Кей жерлерде дауыл тұрып, жел екпіні күшейеді. Бұл күндері республиканың оңтүстік және оңтүстік-батыс өңірлерінде ғана жауын-шашынсыз ауа райы сақталмақ.


19–21 маусым  — Күн суытады: елімізде жаңбыр жауып, аптап ыстық қайтады– Қазгидромет


20 маусым күні ауа райы қандай болады: Жауын-шашын мен бұршақ, қатты жел келе жатыр — ауа райы болжамы


Синоптиктер аптап ыстықтың сақталатын өңірлерін де атады. Атап айтқанда, күндіз Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау, Қызылорда және Ұлытау облыстарының оңтүстік аймақтарында сынап бағанасы күрт көтеріледі.

Сонымен қатар, бірқатар облыстарда өрт қаупі өте жоғары деңгейде тұр. Ұлытау, Жамбыл, Алматы, Ақмола, Қостанай, Абай, Қарағанды, Жетісу, Шығыс Қазақстан және Батыс Қазақстан облыстарының кей бөліктерінде және Қызылорда облысының шығысы мен солтүстік-батысында өрт қаупі күшейіп отыр.

Ал Атырау, Маңғыстау, Түркістан, Жамбыл, Алматы, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Қарағанды, Жетісу, Абай және Ұлытау облыстарының біраз өңірінде төтенше өрт қаупі сақталады.

Мамандар ел тұрғындары мен қонақтарына қауіпсіздік шараларын сақтап, ауа райының өзгерісіне мұқият болуды ұсынады. Әсіресе, ашық далада немесе орманды алқаптарда от жағудан барынша бас тарту қажет.

Тэгтер:

ауа райы Жаңбыр Аптап ыстық