"Өкініштен теріс батасын берді": Әскери парадқа тағы бір ардагер кіре алмай қалды
Астанада 7 мамыр күні өткен әскери шеруге соғыс ардагерлері салтанатты түрде қатыса алмады. Парадқа арнайы медальдарын тағып келген қарияларды құқық қорғау органдарының өкілдері ішке кіргізбей қойған, деп жазады Anyqtime.kz Skifnews.kz порталына сілтеме жасап.
Оқиға куәгерлерінің айтуынша, парад басталып кеткендіктен, ұйымдастырушылар ардагерлерді шеру аумағына өткізуге мүмкіндік бермеген. Өзінен бұрынғылардың құрметіне арналған шараға қатыса алмаған ардагер қатты ренжіп, көзіне жас алып, теріс батасын берген.
"Жамбылдың жасын, Абайдың басын берсін дейді қазақ. Сендерге ештеңе бермесін. Әмин!" – деп ардагер қапалана бұрылып, кетіп қалған.
Бұл жағдай әлеуметтік желіде кеңінен тарап, жұртшылықтың наразылығын туғызды. Қолданушылар ардагерлердің осындай сәтте сый-құрметсіз қалуын әділетсіздік деп бағалады:
– "Парад кім үшін сонда?", "Бір ит заман болды-ау", "Бүйткен парадтарың құрысын", "Ардагерлерді кіргізбесе, тынған екенбіз", "Аяғын жерге тигізбей апаратын адамдар ғой!" – деп жазды желі қолданушылары.