Биыл білім грантына құжат тапсыруда не өзгерді?
Қазақстанда білім гранттарын тағайындау конкурсына өтінім қабылдау 13 шілдеде басталады. Талапкерлер өз өтінімдерін онлайн режимде eGov.kz электрондық үкімет порталы арқылы жолдай алады. Құжаттарды қабылдау мерзімі 13 шілде күні сағат 09:00-де басталып, 20 шілде күні сағат 18:00-де аяқталады, деп хабарлайды Anyqtime.kz порталы.
2024 жылғы конкурсқа 104 мыңнан астам өтінім келіп түскен. Оның ішінде 5 мыңнан астамы eGov.kz платформасы арқылы берілген. Бұл онлайн қызметке деген қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетеді.
Онлайн өтінім беру үшін талапкерлерге келесі құжаттардың сканерленген нұсқаларын дайындау қажет: аттестат немесе диплом, 3х4 өлшемдегі фотосурет және қажет болған жағдайда дәрігерлік-консультациялық комиссияның қорытындысы.
Әлеуметтік санаттағы талапкерлер үшін қосымша құжаттарды тапсыру мүмкіндігі қарастырылған. Мысалы, ата-анасының қайтыс болуы туралы куәлік, мүгедектік туралы анықтама, жетім немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала мәртебесін растайтын құжаттар.
Өтінім беру тәртібі:
eGov.kz порталына кіріп, авторизациядан өту;
«Азаматтарға» – «Білім беру» – «Жоғары білім» бөлімін таңдау;
«Білім беру гранттарын тағайындау, сондай-ақ білім алушыларға әлеуметтік қолдау көрсету» қызметін табу;
«Қызметке онлайн тапсырыс беру» батырмасын басу;
Міндетті жолдарды толтырып, ЭЦҚ немесе SMS-қолтаңба арқылы растау;
Жеке кабинеттегі «Қызметтерді алу тарихы» бөлімінен жауапты күту.
Қызмет нәтижесі ретінде грант тағайындалғаны туралы электрондық куәлік ұсынылады. Ол 2025 жылғы 5 тамызға дейін eGov.kz порталындағы жеке кабинетте қолжетімді болады.
Қызмет көрсетудің ыңғайлы болуы үшін жаңа функциялар енгізілген. Мысалы, порталға күту парағы қосылып, пайдаланушылар кезекпен қабылданады. Сонымен қатар, кезек жақындағанын хабарлайтын SMS-хабарлама да қарастырылған.
Қызметті сәтті пайдалану үшін өтінім беру кезінде браузер бетін жаңартпау және жаппау ұсынылады.
Бұл қызмет ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ және Ғылым және жоғары білім министрлігі бірлесіп іске асырған.