Металлургия қайда бет алды? Үкімет нақтылады
Фото: Үкімет

Металлургия қайда бет алды? Үкімет нақтылады

Қазақстанда тау-кен металлургия кешенін дамыту шаралары Үкімет отырысында талқыланды. Премьер-министр Олжас Бектенов бұл салада терең өңдеу мен жаңа технологияларды енгізу – басты бағыт болатынын айтты, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпараттық агенттігі.

Олжас Бектенов өз сөзінде Мемлекет басшысының кен өндірісіне басымдық беріп отырғанын атап өтті. Бүгінде Қазақстаннан шығарылатын мыс, мырыш, темір, алюминий сияқты шикізаттарға әлемдік нарықта сұраныс өте жоғары. Осыны ескеріп, Үкімет енді тек қазып алумен шектелмей, оны ел ішінде өңдеп, қосылған құны жоғары өнім шығаруға басымдық бермек.

«Бүгінде еліміздің ЖІӨ-дегі өңдеу өнеркәсібінің үлесі 14 пайызға жетіп отыр. Бұл — кен өндіру саласынан 2 пайызға артық. Осы оң үрдісті сақтап қалуымыз керек», — деді Бектенов.

Саран қаласында болат құбыр шығаратын зауыт ашылады

Биыл Саран қаласында «Qarmet» компаниясының негізінде болат құбыр шығаратын жаңа зауыт іске қосылады. Бұл – жоғары деңгейде қайта өңделген өнім өндіруді жолға қоюдың нақты мысалы.

Үкімет жоғары технологиялы өндірістерге инвестиция тартуды жалғастырады. Сонымен қатар, ірі кен орындары төңірегінде шағын және орта бизнесті дамыту үшін арнайы жағдайлар жасалмақ.

Қазіргі таңда бұл салада 220 мыңнан астам қазақстандық жұмыс істейді. Олардың көпшілігі шағын кәсіпорындарда еңбек етеді. Сондықтан Премьер-министр бұл бағытта қосымша ынталандыру қажеттігін айтты.

Саланы цифрландыру және қауіпсіздік

Салада цифрлық технологияларды енгізу де қарқын алып келеді. Индустрия 4.0 құралдары, жасанды интеллект пен үлкен деректерді пайдалану — өндірісті тиімді әрі ашық етуге жол ашады. Бұл тау-кен саласының нарықтағы өзгерістерге икемді бейімделуіне мүмкіндік береді.

Сондай-ақ өндірістегі қауіпсіздік мәселесіне ерекше назар аударылуда. Өнеркәсіп, экология және төтенше жағдайлар министрліктеріне ірі кен орындарындағы кәсіпорындарды жаңғыртып, еңбек қауіпсіздігін арттыру тапсырылды.

Геологиялық барлауға қаржы көбейеді

Үкімет ресурстық базаны кеңейту үшін геологиялық барлау жұмыстарының көлемін арттыруды жоспарлап отыр. Осы мақсатта аукциондардан түсетін қаржы геологияға бағытталады. Биыл бұл сома кемінде 30 миллиард теңге болады.

«Қаражат көлемі әлі де артады. Қазір нақты есептеулер жүргізіліп жатыр», — деді Бектенов.

Жаңа тапсырмалар

Отырыс соңында Премьер-министр бірқатар нақты тапсырмалар берді:

  • Өнеркәсіп министрлігі жүйе құрушы ірі кәсіпорындар айналасында ШОБ белдеуін қалыптастыру және жоғары деңгейде өңделген өнім шығару шараларын әзірлеуі тиіс;
  • «Самұрық-Қазынамен» бірлесіп, сирек және стратегиялық маңызды металдар негізінде технологиялық инновациялық өнімдер өндіру жолдары қарастырылуы керек;
  • Қайта өңдеуді дамытып, тұйық циклды экономика қалыптастыру үшін өндіріс қалдықтарын кәдеге жарату шаралары қолға алынуы тиіс;
  • Ғылым және жоғары білім министрлігі бір ай ішінде салаға мамандар дайындау бағдарламасын ұсынуы қажет.

Бектенов сондай-ақ ғылымды өндіріске белсенді тарту қажет екенін атап өтті. Бұл технологиялық күрделі өндірістер үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.