Неліктен балаға телефонды ерте беру қауіпті — маман түсіндірді
Фото: www.freepik.com

Неліктен балаға телефонды ерте беру қауіпті — маман түсіндірді

Балалардың смартфонды тым ерте қолдануы олардың психикалық денсаулығына ауыр соққы болады. Бұл туралы жаһандық зерттеу қорытындысы айтылып отыр, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі Stan.kz арнасына сілтеме жасап.

100 мыңнан астам жасөспірім қатысқан зерттеуде, әсіресе 13 жасқа дейін смартфон ұстаған балаларда мазасыздық, жалғыздық және шындықтан алшақтау байқалған. Жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін әлеуметтік желілерге еркін ену – басты себептердің бірі. Зерттеуді жүргізген америкалық Sapien Labs орталығының профессоры Тара Тьягараджан бұл жағдай қыз балаларға ерекше әсер ететінін айтты.

Сарапшылардың мәліметінше, бес-алты жаста смартфон алған қыздардың 48%-ында суицидтік ойлар тіркелген. Ал бұл көрсеткіш 13 жастан кейін смартфон алғандар арасында екі есе төмен. Ұлдарда да осыған ұқсас айырмашылық бар – сәйкесінше 31% және 20%.

Мәселе құрылғыда емес, оның көмегімен бала тым ерте интернетпен, әсіресе алгоритмдік мазмұнмен танысатындығында. Бұл кибербуллингке, ұйқы бұзылуына, отбасылық байланыстардың әлсіреуіне әкеп соғады.

Осыған байланысты сарапшылар мынадай ұсыныстар жасады:
– мектептерге цифрлық гигиена пәнін енгізу;
– әлеуметтік желі жасын қатаң тексеру;
– 13 жасқа дейінгі балаларға желіге тыйым салу;
– арнайы «балалар желілерін» дамыту.

Кейбір елдер бұған дейін нақты қадамдар жасаған. Мәселен, Франция мектептерде смартфонға тыйым салса, Қытайда экран алдындағы уақыт шектелген. АҚШ-та бірқатар штат балалардың жасын тексеру туралы заң жобасын қарастырып жатыр.