«Енді мені ұра алмайсыңдар»: Шымкенттік оқушы хат жазып, асылып қайтыс болды
Фото: Ашық дереккөзі

«Енді мені ұра алмайсыңдар»: Шымкенттік оқушы хат жазып, асылып қайтыс болды

Шымкентте 9-сынып оқушысы өз үйінің сарайында асылып қалған күйде табылды. Жақындары оның өліміне мектептегі жүйелі буллинг себеп болды деп санайды, баланың телефонынан «Енді мені ұра алмайсыңдар» деген жазбасы табылған, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпарат агенттігі Azattyq Rýhy сайтына сілтеме жасап.

Марқұмның анасы Жанерке Жұнұсбекованың сөзінше, кейінгі үш жыл бойы ұлы сыныптастарының қорлығына ұшырап келген. «Әкесінің қайтыс болғанын бетіне басып, мазақтады. Бірі ақша мен темекі әкелуге мәжбүрледі, қолынан келгенін істетті», – дейді ол. Отбасының айтуынша, баланың телефонында төрт сыныптасының аты көрсетілген жазба қалдырылған.

Қайғылы жағдай қаладағы №32 мектепте болған. Оқушының әпкесі осы білім ордасында оқиды және бауырына жасалған қысымға куә болғанын айтады. Алайда мектеп әкімшілігі буллинг фактісін жоққа шығарды. «Біз бұл оқиға туралы кеш білдік. Ешқандай төбелес, ақша жинау болған жоқ. Оқушыны ешкім ұрмаған», – деді тәрбие ісі жөніндегі орынбасар Райхан Төлеева. Бұған дейін бұл ақпарат Almaty.tv арнасына сілтеме жасай отырып таратылған.

Полиция оқиғаны тіркеп, қылмыстық іс қозғады. Жазбада аты аталған төрт сыныптасының бірінің бұған дейін кәмелетке толмағандар есебінде тұрғаны айтылды. Марқұмның туыстары кінәлілерді, сондай-ақ мектеп әкімшілігін жауапқа тартуды талап етіп отыр. Тергеу шеңберінде білім беру ұйымындағы ішкі бақылау, тәрбие жұмыстары және оқушы қауіпсіздігіне қатысты шаралар да тексерілмек.