Цифрландыру – өнеркәсіп пен құрылыс саласының жаңа тынысы
Цифрландыру

Цифрландыру – өнеркәсіп пен құрылыс саласының жаңа тынысы

Цифрлық технологиялар бүгінде өнеркәсіп, құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салаларында қолайлылықты арттырып, процестерді автоматтандыру арқылы өнім сапасын көтеруге ықпал етіп отыр. ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Жәннат Дүбірова саладағы цифрландыру жобалары туралы кеңінен айтып берді, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатына сілтеме жасап.

Жер қойнауын пайдалану – толық цифрлық форматқа көшу

Бүгінге дейін геология және жер қойнауын пайдалану саласындағы 22 мемлекеттік қызмет автоматтандырылған. Сонымен қатар, министрліктерге ортақ интерактивті карта іске қосылып, лицензия беру мен келісімшарт мониторингі де цифрлық жүйеге көшірілген.

– Жыл соңына дейін жасанды интеллект арқылы геологиялық есептерді өңдеу жобасын іске қосамыз. Бұл деректер кейін Big Data форматына өтіп, болашақтағы геологиялық модельдер жасалып, инвесторларға ұсынылады. Бұл – ашықтықты қамтамасыз ететін тың қадам, – деді вице-министр.

Биылдан бастап есептілік толық электронды форматқа көшті. Әкімдіктермен бірлескен жұмыстың нәтижесінде 5 мыңнан астам келісімшарт пен лицензия цифрландырылды.

Құрылыс: нүктелік құрылысқа тосқауыл

Саладағы басты жаңалық – мемлекеттік қала құрылысы кадастрының автоматтандырылған жүйесі. Бұл жүйе қала құрылысы процестерінің ашықтығын қамтамасыз етіп, инженерлік желілер туралы өзекті деректерге қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Алдағы уақытта құрылыс жобаларын мақұлдау бойынша бірқатар мемлекеттік қызметтер толық цифрлық форматқа көшіріледі. Сондай-ақ дрон көмегімен аумақты бақылау жүйесі іске қосылады. Жасанды интеллект цифрлық бас жоспарлар мен нақты жағдайды салыстырып, сәйкессіздікті анықтайды.

ТКШ: коммуналдық салада бірыңғай цифрлық платформа

Жыл соңына дейін тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтың бірыңғай цифрлық платформасы іске қосылады. Онда:

  • Абоненттердің бірыңғай базасы
  • Бірыңғай төлем құжаты
  • Цифрландырылған қызметтер
  • Нысандарды басқару базасы
  • Аналитикалық карта модульдері енгізіледі.

Бұл бастама төлемдерге қатысты деректердің ашықтығын қамтамасыз етіп, ауылдық елді мекендерге дейін жетеді.

Вице-министрдің айтуынша, барлық бастама – салалардың тиімділігін арттыруға, инвесторлар үшін ашық экожүйе қалыптастыруға және халыққа ыңғайлы жағдай жасауға бағытталған.