Қазақстанға оралғандар саны 1 миллионнан асты: биыл қанша адам келді?
Қандастар. Сурет дереккөзі гов.кз

Қазақстанға оралғандар саны 1 миллионнан асты: биыл қанша адам келді?

Биылғы жылдың 1 маусымына дейін 5 496 этникалық қазақ тарихи отанына оралып, ресми түрде қандас мәртебесін алды, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметіне сілтеме жасап.

Жалпы, 1991 жылдан бері Қазақстанға 1 млн 153 мыңға жуық қандас көшіп келген. 2025 жылы елге келген этникалық қазақтардың негізгі бөлігі Қытай (45,8%) мен Өзбекстаннан (41,2%). Сонымен қатар, 5,5% – Түрікменстаннан, 2,6% – Моңғолиядан, 2,4% – Ресейден және 2,5% – басқа елдерден келген.

Қандастардың 60,1%-ы еңбекке қабілетті жаста, 31%-ы – балалар мен жасөспірімдер, ал 8,9%-ын зейнет жасындағы азаматтар құрайды.

Білім деңгейіне келсек, еңбекке жарамды қандастардың:

  • 17%-ы – жоғары білімді,
  • 27,4%-ы – арнаулы орта білімді,
  • 53,2%-ы – жалпы орта білімді,
  • 2,4%-ының білімі жоқ.

Этникалық қазақтар республика бойынша әртүрлі өңірлерге қоныстануда. Қоныстандыру үшін еңбек күші тапшы аймақтар ретінде Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Атырау, Батыс, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары белгіленген.

Осы өңірлер үшін биылғы қандастарды қабылдау квотасы 2 309 адамды құрайды. 1 маусымға дейін бұл аймақтарға 917 адам қоныс аударған.

Мемлекет тарапынан ұсынылатын қолдау шаралары қатарында:

  • Көшуге арналған біржолғы субсидия – отбасы басына және әрбір мүшесіне 70 АЕК (275,2 мың теңге);
  • Тұрғын үй жалдау мен коммуналдық төлемге – айына 15–30 АЕК (59 мыңнан 118 мың теңгеге дейін), бір жылға дейін.

Жыл басынан бері 340 қандасқа мемлекеттік қолдау көрсетілді. Оның ішінде 163 адам тұрақты жұмысқа орналастырылған.

Сондай-ақ, солтүстік өңірлерге ерікті түрде қоныс аударуды ынталандыру мақсатында жұмыс берушілерге қолдау шаралары енгізілді. Атап айтқанда, тұрғын үй сатып алу, салу немесе ипотеканың бастапқы жарнасын жабу үшін бір отбасына 4,56 млн теңгеге дейін экономикалық ұтқырлық сертификаты ұсынылады. Бұл – қайтарымсыз және біржолғы көмек ретінде беріледі.