Спортқа бөлінген миллиардтар қайда кетті: 17 млрд теңге тиімсіз жұмсалған
Жоғарғы аудиторлық палата

Спортқа бөлінген миллиардтар қайда кетті: 17 млрд теңге тиімсіз жұмсалған

Қазақстанда спортты дамытуға бөлінген қомақты қаржының бір бөлігі желге ұшқан. Жоғарғы аудиторлық палата жүргізген тексеріс нәтижесінде 17 миллиард теңгеге жуық қаражат заңсыз немесе мақсатсыз жұмсалғаны белгілі болды, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпараттық порталы 1bol.kz сайтына сілтеме жасап.

Аудит нәтижелері

2021-2024 жылдары спортшыларды даярлау және спорттық резерв қалыптастыру бағытындағы жұмыстарға бөлінген қаржы тиімді пайдаланылмаған. Бұл аралықта бюджеттен 4 млрд теңге жұмсалғанымен, 11 спорт түрінен бірде-бір медаль алынбаған.

Жалпы, осы кезеңде спортқа бөлінген қаржы 153 млрд теңгеден 315 млрд теңгеге дейін өскен. Алайда жоғары жетістіктер спорты саласында жүйелі тәсілдің болмауы, жоспарлардың орындалмауы және заманауи әдістемелік сүйемелдеудің жоқтығы саланың осалдығын көрсетті.

Мәселенің төркіні

Аудиторлар талдау барысында бірқатар жүйелі проблемаларға назар аударды. 2020-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар жоғары жетістіктер спортын дамытуға арналмаған, ал 2025 жылға дейінгі тұжырымдама толық орындалмай қалған.

Бұдан бөлек, спорттың басым түрлерін анықтауда әділдік пен ашықтық болмаған. Олимпиадалық емес спорт түрлеріне қаражат көбірек бөлініп, оның ішінде кейбір түрлерге 2 млрд теңге жұмсалғанымен, халықаралық іріктеу турнирлеріне қатысу мүлде болмаған.

Тиімсіздік пен теңсіздік

Аудит 6 жазғы олимпиадалық спорт түріне арнайы бағдарламалардың мүлде бекітілмегенін, ал 19 спорт түрінен спортшыларды даярлау жұмысы жүргізілмегенін анықтады.

Олимпиадалық спорт түрлерінде білікті жаттықтырушылар жетіспейді, ал керісінше олимпиадалық емес бағыттарда штаттар артығымен жасақталған. Өйткені бұл салаларда медаль алу ықтималдығы жоғары және сәйкесінше бонустар да бар.

«Спортты дамыту дирекциясының» әкімшілік қызметкерлеріне де баса назар аударылған. 2021-2024 жылдары бұл бағытта 3,5 млрд теңгеден астам сыйақы төленіп, кей қызметкерлер жылына 7,7 млн теңге алған. Тіпті спортпен тікелей қатысы жоқ мамандарға да қосымша ақы төленген.

Жалпы, аудит барысында:

  • 348 млн теңге көлемінде қаржылық бұзушылық;
  • 2,8 млрд теңге тиімсіз жоспарлау;
  • 13,7 млрд теңге тиімсіз пайдалану деректері тіркелген.

Сонымен қатар 56 жүйелі кемшілік пен 270 рәсімдік бұзушылық анықталды. Осыған байланысты 157 материал тиісті органдарға әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін жолданды.

Бұл аудит нәтижесі Қазақстандағы спорт саясаты мен қаржыландыру жүйесіне қайта көз жүгіртіп, нақты өзгерістер қажет екенін көрсетіп отыр.