Елді мекендерге таза ауыз су тарту – Үкіметтің басты міндетіне айналды
Фото: Primeminister.kz

Елді мекендерге таза ауыз су тарту – Үкіметтің басты міндетіне айналды

Халықты таза ауыз сумен қамту мәселесі Үкімет отырысында кеңінен талқыланды. Премьер-министр Олжас Бектенов бұл бағыттағы жобалардың уақтылы аяқталуы мен заманауи технологияларды қолдану аса маңызды екенін айтты, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі Primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

Үкімет отырысында сумен жабдықтау және су тарту жүйелерін дамыту, су үнемдеу технологиялары мен цифрлық басқару жүйелерін енгізу мәселелері қаралды. Саладағы өзекті жағдай мен жоспарлар жайында өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев, су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, ұлттық экономика вице-министрі Асан Дарбаев және басқа да шенеуніктер баяндама жасады.

Ресми мәлімет бойынша, қала халқының 99,3 пайызы және ауыл тұрғындарының 97,5 пайызы орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылған. 90 қаланың 73-і толықтай сумен қамтылған болса, қалған 17-сі жыл соңына дейін қамтылмақ.

Олжас Бектенов елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету – Мемлекет басшысының ерекше бақылауындағы әлеуметтік маңызы бар мәселе екенін атап өтті. Бұл бағытта республикалық бюджеттен бөлек, заңсыз шығарылған активтер есебінен құрылған Арнаулы қор арқылы қосымша 160 миллиард теңге бөлінген.

Премьер-министр өз сөзінде елдегі климаттық өзгеріс пен су тұтыну көлемінің артуы жағдайында әрбір өңір үшін тиімді, үнемді және тұрақты су инфрақұрылымын дамыту қажет екенін айтты.

Басым бағыттардың бірі ретінде елорда маңындағы ауылдарға су жеткізу мен Маңғыстау облысындағы Кендірлі зауытын іске қосу жұмыстары белгіленді. Сондай-ақ Жезқазғандағы су тазарту жүйесін жаңғырту үшін қосымша қаржыландыру көздерін қарастыру тапсырылды.

Отырыста бірқатар нақты міндеттер жүктелді:

  • Жыл соңына дейін барлық жоспарланған жобаларды аяқтап, пайдалануға беру;
  • Сумен жабдықтау желілерін жаңартып, тозу деңгейін төмендету;
  • Топтық су құбырларын біртіндеп әкімдіктердің балансына өткізу;
  • Су объектілеріне арналған цифрлық паспорттар мен интеллектуалдық су кадастрын әзірлеу;
  • «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасын қаржыландыруды қамтамасыз ету.

Үкімет басшысы бұл тапсырмалар орындалуы үшін жауапкершілік өңір әкімдеріне жүктелетінін ескертті. Ал Қаржы министрлігі қаражатты жедел үлестіру жұмыстарын атқаруы тиіс. Су ресурстары министрлігі болса, барлық жоба уақтылы аяқталып, ел игілігіне берілуі үшін салалық бақылауды күшейтуі қажет.