Ресей диқандары бидайдан бас тартты. Қазақстан не ұтады?
Ресейлік диқандар Қазақстанмен шекаралас аймақтарда бидай егуді жаппай тоқтата бастады. Бұл үрдіс биылғы маусымда елдегі астық түсімі соңғы бес жылдағы ең төмен көрсеткіштердің біріне айналуы мүмкін деген болжаммен тұспа-тұс келіп отыр, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі newsroom.kz-ке сілтеме жасап.
2024 жылдың соңында «СовЭкон» сарапшылары Ресейде 2025 жылы небәрі 78,7 млн тонна бидай жиналады деп болжаған. Жақында бұл көрсеткіш 82,8 млн тоннаға нақтыланса да, 2023 жылмен салыстырғанда 10 млн тоннаға аз. Сарапшылар мұны бірнеше себеппен байланыстырады: экспорттық баж салығының салдары, ауа райының қолайсыздығы және тыңайтқышты үнемдеуден туындаған топырақтың тозуы.
Басты мәселе – бұл жағдай алдағы жылдары одан әрі ушығуы мүмкін. Кей болжам бойынша, 2027 жылға қарай Ресейдегі астық түсімі 65 млн тоннаға дейін төмендеуі ықтимал. Ал елдің ішкі қажеттілігі 75 млн тоннадан асып отыр.
Бұл арада Қазақстандық шаруалар жағдайды өз мүддесіне пайдалануы мүмкін. ElDala порталының мәліметінше, Сібір мен Оралдағы егіс алқаптары 1 млн гектарға қысқарған. Бұл – Қазақстанға келетін ресейлік арзан бидайдың 3 млн тоннаға қысқаратынын білдіреді. Яғни, отандық өнімге сұраныс артып, шаруалар шығыннан шығып, табысқа кенелуі мүмкін.
Айта кетейік, Қазақстан биыл Ресейден астық әкелуге қойылған шектеулерді алып тастады. Бірақ нарықтағы жағдай өзгеріп, көрші елдің өзі Қазақстаннан астық сатып алуы мүмкін деген болжамдар да жоқ емес. Дегенмен, қазіргі кезде бұл процеске Россельхознадзор тыйым салып отыр.
Сарапшылардың айтуынша, шаруалар үшін бидайдан гөрі күнбағыс, рапс және бұршақ өсіру әлдеқайда тиімді. Бұл дақылдарға субсидия көп бөлінеді, әрі нарықта да сұраныс жоғары. Сол себепті Ресей де, Қазақстан да егіс құрылымын қайта қарап, табысқа бағытталған аграрлық саясатқа көшіп жатыр.