Қазақстанның далалық өңірінен XII ғасырда жерленген баланың сүйегі табылды.
Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің экспедициясы мың жылдан астам уақыт бұрын өмір сүрген баланың қабірін тапты, деп хабарлайды Anyqtime.kz
Археологтардың айтуынша, табылған жерлеу орны бұрыннан белгілі «Изенды-6» қорымының бір бөлігі болып табылады.
Таратылған баспасөз хабарламасына сәйкес, археологтар құрылымды зерттеу барысында бұрын байқалмаған қабірді анықтаған.
Бұл жерлеу орны ғасырлар бойы бұзылмай, сақталып келген.
Дәл осы қабірден ғалымдар марқұмның қаңқасын, жебе ұштарын, ат әбзелдерінің бөлшектерін және былғары сөмкені тапқан.
Антрополог Айкумис Раисова остеологиялық кешенді талдау жүргізіп, қаңқа 9–12 жастағы балаға тиесілі екенін анықтады. Сондай-ақ, бала тірі кезінде сол жақ иық сүйегін сындырғаны, бірақ қаза тапқанға дейін жарасы жазылғаны белгілі болды.
«Мұндай жерлеу орындары өте сирек кездеседі. Ортағасырлық ескерткіштер Қарағанды облысы аумағында аз зерттелген. Сондықтан бұл кезеңге қатысты жаңа деректер өте өзекті және қызықты»,
— деді Сарыарқа археологиялық музейінің директоры Алексей Кукушкин.
Радиокөміртекті талдау нәтижелері бойынша, бұл жерлеу XII–XIII ғасырларға жатады. Ғалымдар алдағы уақытта қосымша зерттеулер жүргізіп, қабірді жан-жақты зерттеуді жоспарлап отыр.
«Табылған бұйымдар спектралдық талдау арқылы зерттеледі, бұл олардың металл құрамын анықтауға мүмкіндік береді. Кейін артефактілер облыстық тарихи-өлкетану музейіне тапсырылады», – деп мәлімдеді зерттеушілер.