«Ұрып-соғып, қарызға батырды»: Танымал коуч Нұрлан Жанайдың әйелі үндеу жасады
Фото: stan.kz

«Ұрып-соғып, қарызға батырды»: Танымал коуч Нұрлан Жанайдың әйелі үндеу жасады

«Оған сеніп, оның беделі үшін өзімді құрбан еттім». Осы сөздермен басталған жазба әлеуметтік желі қолданушыларын дүр сілкіндірді. Өзін "энерго-коуч", "мотивациялық спикер", "рухани ұстаз" ретінде таныстырып жүрген Нұрлан Жанайдың бұрынғы әйелі, стилист әрі блогер Нұрлы Оқас көпшіліктен жасырып келген ауыр шындықты жайып салды, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі Skifnews.kz порталына сілтеме жасап.

«Бұл жай сатқындық емес»

Нұрлы Оқастың айтуынша, ол алты жыл бойы жан-тәнімен сеніп келген күйеуінің қолынан зорлық-зомбылық көрген. Оның сөзіне қарағанда, бұл тек психологиялық немесе эмоционалдық қысым ғана емес, нақты физикалық және қаржылық зорлықпен ұласқан.

– Ол маған жай сатқындық жасаған жоқ. Зорлық көрсетті, ұрып-соқты, көзіме шөп салды, қарызға белшемнен батырды. Ең ауыры – өз балаларына жауапсыздық танытты. Қазір ол мені барлық жерде бұғаттап тастады. Еш байланыс жоқ. Бірақ қоғам алдында әлі де «адамдарға мотивация үйретіп» жүр, – дейді Нұрлы.

«Ассистентімен төсектес болды, ал мен балалармен үйде болдым»

Нұрлының айтуынша, бар шындық төрт күн бұрын күйеуінің телефонынан "кездейсоқ" ашылған хаттардан басталған. Ассистент қызбен интимдік хабарламалар, қонақүйге бірге барған сәттер – бәрі көз алдында ашылып қалған.

– Сол күні әлгі қыз біздің үйде шай ішіп, балаларыммен ойнап, әпке болып отырған. Артынша екеуі қонақүйге кеткен. Бұл бір реттік нәрсе емес екенін кейін білдім. Онымен қатар жүрген басқа қыздар да маған жазды. TikTok пен Instagram-да жүздеген скриншот келіп түсті. Көбі: «Бұл сіздің күйеуіңіз емес пе?» деп жазып жатыр, – дейді Нұрлы Оқас.

«Шоттары бұғатталса – менің атымды пайдаланатын»

Бұрынғы жарының айтуынша, Жанай оны тек моральдық емес, материалдық тұрғыда да тығырыққа тіреген. Несие мен қарызды оның атына рәсімдеп, көлікті де ломбардқа өткізіп жіберген.

– Қазір көлік те жоқ, ақша да жоқ. Арыз жазуға оқталсам, қарыз берген адамдар маған хабарласып, қоқан-лоқы көрсетіп жатыр. Бұрын мен үнсіз, қорғансыз, жылап отырған әйел болдым. Енді мен – күресіп жатқан анамын, – дейді ол.

«Өз қадірімді өзім қайтарып аламын»

Нұрлы Оқас жазбасының соңында бұл үндеуді кек үшін емес, әділет үшін жазып отырғанын айтады. Ол енді тек өз құқығы үшін емес, балаларының болашағы үшін күресуге бел байлағанын жеткізді.